Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология институты мен Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ қызының бүгінгі бейнесі: дәстүр мен жаңашылдық тоғысы» атты рухани-танымдық кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – қазіргі қоғамдағы қазақ қызының тұлғалық болмысын ұлттық дәстүр мен заманауи құндылықтар тұрғысынан талдап, студенттерге инабаттылық, имандылық, ізгілік пен мәдениеттілік сияқты асыл қасиеттердің мәнін ұғындыру болды.

Іс-шараға теолог, танымал дінтанушы Нұрлан қажы Асанов арнайы шақырылып, студенттермен еркін форматта әсерлі сұхбат өрбітті. Кездесу барысында ол қазақ қызының болмысына, рухани тәрбиенің маңызына, отбасы құндылықтары сондай-ақ жастардың мәдениеті мен заманауи көзқарасына қатысты маңызды тақырыптарды қозғады.

Кездесуге Педагогика және психология институтының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында қатысушылар рухани ой түйіп, ұлттық тәрбие мен мәдениеттің терең мәнін түсінуге мүмкіндік алды.

Қазақ қызы – ұлттың айнасы, ал ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін тұлға. Қорыта айтқанда, «Қазақ қызының бүгінгі бейнесі: дәстүр мен жаңашылдық тоғысы» атты кездесу студенттерге дәстүрдің терең мәнін ұғынуға, заманауи қоғамда ұлттық болмысын сақтай отырып өмір сүруге жол ашқан тағылымды шара болды.