Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің ресми парақшасына қош келдіңіздер!
Педагогика және психология факультеті педагогика және психология салаларында кәсіби құзыретті мамандар даярлауды, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуды және білім беру тәжірибесін жетілдіруді жүзеге асырады.
Факультет құрамына «Арнайы педагогика», «Психология», «Білім берудегі теория және практика», «Мектепке дейінгі білім беру», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Дене шынықтыру және спорт» кафедралары кіреді.
Білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары және ғылым магистрлерінен құралған білікті профессор-оқытушылар құрамы жүзеге асырады. Оқу үдерісі теориялық білім мен практикалық даярлықтың сабақтастығын қамтамасыз етуге, білім алушылардың кәсіби құзыреттері мен зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ынтымақтастық аясында білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі беріледі. Аталған бағдарламалар білім алушылардың кәсіби білімін тереңдетуге, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауына жағдай жасайды.
Факультетте 6В01303 – «Бастауыш білім беру (ББББ)» білім беру бағдарламасы Қырғызстанның И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Бағдарлама бастауыш білім беру саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын қамтамасыз етуге бағытталған.
6В01304 – «Бастауыш білім беру ағылшын тілінде» пәнаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқу процесі ағылшын тілінде жүзеге асырылады.
6В03103 – «Клиникалық психология» білім беру бағдарламасының білім алушыларына С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын қос дипломды бағдарлама бойынша білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Бағдарлама психологиялық және медициналық білімнің пәнаралық ықпалдастығы негізінде кәсіби даярлықты жетілдіруге бағытталған.
Факультет жанында «Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту» және «Балаларды ерте жастан дамыту және отбасын зерттеу» орталықтары жұмыс істейді.
Факультеттің білім беру қызметі жоғары білімді мамандар даярлаумен қатар, психологиялық-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру мен кәсіби қайта даярлауды қамтиды. Білім беру, ғылым және практиканың өзара сабақтастығы еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін, кәсіби жауапкершілігі жоғары және бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың негізін құрайды.
ТАРИХЫ МЕН ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Педагогика және психология факультетінің тарихы – отандық педагогикалық білімнің қалыптасуы мен дамуын, ғылыми ойдың өркендеуін және ұстаз даярлау ісінің сабақтастығын айғақтайтын тағылымды тарих. Оның қалыптасу жолы Қазақ мемлекеттік әйелдер педагогикалық институтының тарихымен біте қайнасып, бірнеше тарихи кезеңді қамтиды. Осы жылдар ішінде факультет білім мен тәрбие тоғысқан, ғылыми ізденіс пен педагогикалық тәжірибе ұштасқан, талай ұрпақтың кәсіби қалыптасуына негіз болған маңызды білім беру орталығына айналды.
1944 жылғы 15 тамызда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Қазақ мемлекеттік әйелдер институты құрылды. Институттың алғашқы даму кезеңінен бастап педагогикалық бағыттағы білім беру мен ғылыми-әдістемелік жұмысты өрістетуге ерекше мән берілді. Тарихи факультет құрамында ашылған «Педагогика» кафедрасы болашақ мамандардың кәсіби даярлығына негіз қалап, педагогикалық білімнің дамуына жол ашты. Кафедраның алғашқы меңгерушісі болып Ш. Көкімбаев тағайындалды.
1949 жылы «Дене тәрбиесі» кафедрасының құрылуы институттағы мамандар даярлау бағыттарының кеңейе бастағанын көрсетті. Кафедраның алғашқы меңгерушісі М.Р. Рахимқұлов болды. Бұл кезеңде педагогикалық білім беру жүйесі біртіндеп қалыптасып, болашақ мамандарды даярлаудың мазмұны мен ұйымдастырылуы жетілдіріле түсті.
1973 жылы «Психология» кафедрасы дербес құрылым ретінде жұмыс істей бастады. Оның алғашқы меңгерушісі педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Е.С. Суфиев болды. Психология бағытының жеке құрылым ретінде қалыптасуы педагогикалық үдерістегі тұлғаның ішкі әлемін, даму ерекшеліктерін және психологиялық заңдылықтарын зерделеуге басымдық берілгенін аңғартты.
1974 жылы Тарих және педагогика факультеті құрылып, оның алғашқы басшысы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.И. Искакова болды. Сол жылы «Мектепке дейінгі педагогика» кафедрасы ашылып, оған Б.И. Жаришева жетекшілік етті. Осылайша, мектепке дейінгі тәрбие саласына мамандар даярлау факультет дамуының маңызды бағыттарының біріне айналды.
1984 жылы мектепке дейінгі тәрбие саласындағы мамандарды даярлауды жетілдіру мақсатында «Мектепке дейінгі тәрбие педагогикасы» және «Мектепке дейінгі тәрбие әдістемесі» кафедралары құрылды. Бірінші кафедраны профессор А.К. Менжанова, екінші кафедраны биология ғылымдарының кандидаты Ж.И. Идрисова басшылық етті.
1984–1990 жылдары факультет «Мектепке дейінгі тәрбие факультеті» деп аталды. Осы кезеңде факультетті педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.А. Аймағамбетова басқарды. Оның жетекшілігімен мектепке дейінгі тәрбие саласындағы мамандарды даярлау бағыттары кеңейіп, факультеттің ғылыми-әдістемелік әлеуеті нығая түсті.
1990–2000 жылдары факультет «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» факультеті ретінде қызмет атқарды. 1994 жылы «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандығы ашылып, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау бағыты дами бастады. 2000 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру бағытындағы кафедралар біріктіріліп, «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасы құрылды.
2000–2001 оқу жылында факультет «Бастауыш және музыкалық білім беру» факультеті ретінде жұмыс істеді. 2001 жылы «Табиғаттану және бастауыш білім беру» факультеті болып қайта құрылып, 2002 жылы «Бастауыш және музыкалық білім беру» факультеті атауы қайта енгізілді. Осы кезеңде педагогикалық бағыттағы құрылымдар да жаңартылып, университеттің Ғылыми кеңесі шешімімен «Педагогика және психология» факультеті қалыптасты.
2003–2004 оқу жылында болашақ тәрбиешілер мен мұғалімдерді даярлау жүйесін жетілдіру, психологиялық-педагогикалық ғылымды дамыту және білім беру бағыттарының өзара сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, психология, педагогика және психология, дефектология, қоғамдық педагогика және өзін-өзі тану мамандықтары бір факультет аясында шоғырландырылды. Осылайша, «Педагогика және психология» факультетінің қызметі кешенді сипат алып, болашақ педагогтерді, психологтерді және арнайы педагогика саласының мамандарын даярлау бағыттары кеңейе түсті.
2005 жылы факультет құрамына «Дене шынықтыру және валеология» кафедрасы қосылды. 2008 жылы «Қоғамдық педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы ашылып, факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы «Өзін-өзі тану» бағдарламасын әзірлеуге және жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындауға қатысты.
2021 жылдан бастап Педагогика және психология институтының қызметіне педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Серікқызы Оразаева жетекшілік етті. Бұл кезеңде ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи педагогикалық-психологиялық технологияларды енгізуге басымдық берілді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру қағидаттарын ілгерілету және студенттерге психологиялық қолдау көрсету бағыттары жетілдірілді.
Институттың даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі кафедралардың құрылымын жетілдіру болды. 2023 жылғы 10 тамыздағы Директорлар кеңесі отырысының № 4 хаттамасына сәйкес, 2023–2024 оқу жылынан бастап «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасы екі дербес кафедраға бөлінді. Нәтижесінде «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі білім беру» кафедралары жеке құрылымдар ретінде қызмет ете бастады.
«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасына PhD, аға оқытушы С.М. Нұрбекова, ал «Мектепке дейінгі білім беру» кафедрасына педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.М. Жубандыкова жетекшілік етті. Бұл өзгеріс мектепке дейінгі және бастауыш білім беру салаларындағы ғылыми-әдістемелік жұмыстарды тереңдетуге, білім беру бағдарламаларын мамандандыруға және кәсіби даярлық сапасын арттыруға бағытталды.
2026–2027 оқу жылынан бастап Педагогика және психология институты факультет болып қайта құрылды. Факультет басшылығына педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы А.М. Жубандыкова тағайындалды. Құрылымдық өзгеріс факультеттің қызметін жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастыруға, педагогикалық білім берудің басым бағыттарын дамытуға және ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖӘНЕ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ
Әр жылдары факультетте отандық педагогика, психология және білім беру ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен педагогтер еңбек етті. Олардың қатарында Т. Тәжібаев, А. Асылбеков, Е. Дайрабаев, Б. Искакова, А. Жұмаханов, Б. Жаришева, Е. Суфиев, И. Мадин, Д. Сейдуалиев, К. Рахимбеков, А. Темірбеков, С. Мусин, А. Менжанова, К. Құнантаева, К. Аймағамбетова, И. Патапов, А. Алдамуратов, Л. Керімов, С. Ұзақбаева, А. Құсайынов, К. Қожахметова, С. Қалиев, К. Мендаяқова, И. Исламқұлова, Х. Шерьязданова, Ш. Таубаева, Т. Левченко, С. Жиенбаева, Д. Әбдіқадырова және басқа да ғалымдар бар.
Факультетті әр жылдары Б.И. Искакова, К.А. Аймағамбетова, А.С. Амирова, Л.К. Керімов, А.Б. Нұрлыбекова, Ш.Т. Таубаева, С.Т. Иманбаева, С.С. Қоңырбаева, С.Н. Жиенбаева және Г.С.Оразаева басқарды.
Факультет қызметінің маңызды бағыттарының бірі – педагогикалық білім берудің ғылыми-әдістемелік негіздерін дамыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және білім беру жүйесінің өзгермелі талаптарына сәйкес білікті мамандар даярлау болды. Оқу үдерісінде кредиттік оқыту технологиялары қолданылып, бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде мамандар даярлау жүзеге асырылды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді.
ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ:
Арнайы педагогика кафедрасы;
Дене шынықтыру және спорт кафедрасы;
Білім берудегі теория және практика кафедрасы;
Психология кафедрасы;
Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасы;
Мектепке дейінгі білім беру кафедрасы.
БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ
-
-
Бакалавриат
6В01101 — Педагогика және психология
6B01201 — Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу
6В01202—Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі және логопеді
6В01203 — Мектепке дейінгі білім беру (IP)
6В01302 — Бастауыш білім беру IP
6В01303 – Бастауыш білім беру (ББББ)
6В01304 – Бастауыш білім беру ағылшын тілінде
6В01805 — Әлеуметтік педагогика IP
Магистратура
7М01101 — Педагогика және психология
7М01102 — Педагогикалық өлшемдер
7М01201 — Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу
7М01902 — Арнайы педагогика: аутизм спектрі бұзылған балаларды сүйемелдеу(IP)
7М01103 (IP) – Білім берудегі менеджмент және көшбасшылық
7М01104 (IP) – Білім берудегі зерттеу
7М01409 – Дене шынықтыру және спорт
-
-
+7(727) 237-01-63
Педагогика және психология факультетінің академиялық мәселелер және тәрбие жөніндегі декан орынбасары