Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде PhD докторанттарға арналған ғылыми семинарлар сериясы аясында «Ғылыми мақалалар құрылымы» тақырыбындағы оқыту модулі өткізілді.

Модульдің басты мақсаты – жас зерттеушілер мен оқытушылардың ғылыми жазу мәдениетін дамыту, сапалы зерттеу жүргізу және халықаралық стандарттарға сай жарияланым дайындау қабілеттерін арттыру болды.

Оқыту сессиясында тәжірибелі ғалымдар өз дәрістерімен бөлісті. Зерттеуші, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы Маржан Нурбекова «Зерттеу этикасы» тақырыбында баяндама жасап, плагиаттың алдын алу жолдарын түсіндірді.

PhD Айгүл Маханова «Әдебиеттерді іздеу стратегиясы (Scopus, Web of Science, EBSCO, Google Scholar)» тақырыбында сөз сөйлеп, халықаралық дерекқорлармен тиімді жұмыс істеу тәсілдерін ұсынды.

Филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділбай Оспан ғылыми мақаланың IMRaD құрылымын талдап, зерттеу мәтінін жүйелі түрде ұйымдастырудың маңызын атап өтті. 

Ал Ғылым департаментінің директоры Нұрахмет Айтенов «Жарияланымдарға қойылатын талаптар және “жыртқыш” басылымдар: тәуекелдерді анықтау» тақырыбында тәжірибелік кеңестер берді.

Модуль барысында қатысушылар ғылыми мақалаларды сапалы дайындау, зерттеу этикасын сақтау және сенімді дереккөздерді пайдалану бойынша өз білімдерін толықтырды.

Айта кетейік, «Ғылыми мақалалар құрылымы» модулі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан PhD докторанттарға арналған ғылыми семинарлар сериясы (интенсивті курс) бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама тәжірибелі профессорлар мен сарапшылардың дәрістері мен практикалық жаттығуларын қамтиды.

Еске сала кетейік, интенсивті курс 2025 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.