2025 жылғы 21 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің ұйымдастыруымен «Академиялық ұтқырлық: шетелде оқу мүмкіндіктері» тақырыбында ақпараттық семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттерге халықаралық білім алмасу бағдарламалары, шетелдік жоғары оқу орындарында оқу тәртібі мен мүмкіндіктері туралы толыққанды ақпарат ұсыну болды.
Семинарға университеттің белсенді студенттері, жас зерттеушілер мен оқытушылар қатысты.
Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Джакубаева Салтанат Төлеуовна спикер ретінде кездесуді ашып, академиялық ұтқырлықтың маңызы мен студенттерге беретін жаңа мүмкіндіктер туралы айтты. Ал бөлімнің аға менеджері Нұртаза Айдана Нұралықызы қатысу тәртібі, құжаттарды рәсімдеу ережелері және гранттық бағдарламалар жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар Erasmus+ бағдарламасының қатысушылары – Франциядағы Via Domitia Перпиньян университетінде оқып жүрген Арайлым Пернебек пен Дана Жанжігіт (онлайн форматта), Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінен Жақсылыққызы Маржан (офлайн форматта) өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу барысындағы ерекшеліктер мен мәдени айырмашылықтар жайында әсерлі әңгімеледі.
Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, қызу пікір алмасу болды. Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің өкілдері академиялық ұтқырлықтың тек білім алмасу емес, сонымен қатар жаңа мәдени ортада өзін-өзі дамыту мен кәсіби көкжиегін кеңейтуге үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Семинар соңында студенттер шетелде оқу ниеттерін білдіріп, алдағы бағдарламаға қатысуға зор қызығушылық танытты.
