2025 жылғы 22 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының ұйымдастыруымен Республика күніне арналған «Рухы биік Республика» атты рухани-патриоттық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, ел тарихына деген құрметті арттыру және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеу болды.
Кеш барысында студенттер мен оқытушылар ел тәуелсіздігінің маңызын айқындайтын сахналық қойылымдар, би композициялары және патриоттық әндер ұсынды. Бағдарлама «Түн, үміт, таң» атты прологпен басталып, ел тарихының маңызды кезеңдері бейнеленді. Студенттер Бірлік, Ерлік, Тәуелсіздік және Үміт образдары арқылы елдің рухани тұтастығын көрсетті.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – «Рухты би» мен «Самға» әні көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында институт директоры Гүлназ Ибрагимқызы Салғараева қатысушыларды мерекемен құттықтап, ел дамуы мен жастардың белсенділігін жоғары бағалады.
Бұл шара БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-мақсаты – сапалы білім беру және 16-мақсаты – бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар бағыттарына сәйкес өткізіліп, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосты.
Кеш соңында қатысушылар «Республикамыз мәңгі жасасын!» ұранын айтып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің мәңгілігін паш етті.
