«Балапан» телеарнасы бағдарламаларының тілдік нормаларына арналған ғылыми жобаның қорытындысы таныстырылды

2025 жылғы 22 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институтында ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған AP 19679549 «“Балапан” телеарнасындағы бағдарламалардың (2017–2024 жж.) әдеби тіл нормасына сәйкестігін мониторингілеудің теориясы мен тәжірибесі» атты ғылыми жобаның қорытынды есебі ұсынылды.

Жоба Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры м.а., филология ғылымдарының кандидаты Ғазиза Бейсенбекқызы Шойбекованың жетекшілігімен жүзеге асырылды.

Дөңгелек үстелдің ашылуында Филология институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Амантайқызы Сатбекова сөз сөйлеп, «Филология институты – лингвистика ғылымын дамытушы көшбасшы ғалымдар ордасы» атты баяндамасында институтта орындалып жатқан ғылыми жобалар туралы толық ақпарат берді.

Кездесуде сондай-ақ Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәуле Асанбайқызы Асанбаева «Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ғалымдарының мемлекеттік қордан қаржыландырылатын жобалары» тақырыбында баяндама жасап, кафедраның ғылыми жетістіктеріне тоқталды.

Жоба нәтижелері негізінде балалардың дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бағытталған «Әдеби тіл нормасы» нұсқаулығы мен «“Балапан” телеарнасындағы бағдарламалардың (2017–2024 жж.) әдеби тіл нормасына сәйкестігін мониторингілеудің теориясы мен тәжірибесі» атты монографияның тұсаукесері өтті.

Кездесу соңында жоба жетекшісі Ғазиза Бейсенбекқызы Шойбекова ғылыми жұмыстың табысты жүзеге асуына үлес қосқан зерттеу тобының мүшелері – ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Лира Әбділдабекқызы Ибраймова, PhD, қауымдастырылған профессор Дидар Жылқыбайқызы Рысқұлбек, PhD, қауымдастырылған профессор Бақыткүл Молдағали және PhD, қауымдастырылған профессор Айгүл Серікқызы Мурзиноваға алғыс білдірді.