Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде DP23692214 «Turatalk: Қазақ тілін онлайн оқытуға арналған инновациялық платформа» ғылыми жобасы аясында «Қазақ тілін оқытудың цифрлық құралдары: практикалық шешімдер мен Turatalk платформасының мүмкіндіктері» атты семинар өтті.

Семинар барысында қазақ тілін оқытудың заманауи бағыттары, цифрлық экожүйелер және Turatalk, Moodle секілді онлайн-платформалардың артықшылықтары мен оқу процесіндегі тиімділігі жан-жақты талқыланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ тілін оқытуда жаңа цифрлық құралдарды тиімді пайдалану тәсілдерін көрсету және Turatalk онлайн-платформасының функционалдық мүмкіндіктерімен таныстыру болды.

Кездесу барысында қатысушыларға платформаның интерфейсі, педагогикалық сценарийлері, контент құрастыру мен бейімдеу тәсілдері, сондай-ақ оқу процесінде қолданудың практикалық жолдары демонстрациялық түрде ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар Turatalk жүйесінің оқыту процесін жекешелендіру, интерактивті жаттығуларды әзірлеу және автоматтандырылған кері байланыс беру мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде байқап көрді.

Семинар соңында қатысушылар қазақ тілін оқыту үдерісін цифрландырудың жаңа тәсілдері мен тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар мен әдістемелік нұсқауларды талқылады.