2025 жылғы 19 қазан күні Алматы қаласындағы О. Жарылғапов атындағы спорт кешенінде дәстүрлі каратэ спортынан Орта Азия кубогы өтті.
Аталған додада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты, Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының 6В01706 – Шетел тілдері (IP) білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Қаимбай Ардақ үздік нәтиже көрсетті. Ол ката бағдарламасы бойынша 16–17 жас категориясында II орын, ал шобу-санбон (жекпе-жек) түрінен 18+ жас категориясында III орын иеленді.
Ардақтың айтуынша, каратэмен айналысып жүргеніне үш жыл болған. Бұл спорт түріне қызығушылығы мектеп кезінде басталған:
«Біздің мектепке арнайы шақырту келгенде қатысып көрдім. Өзім жекпе-жекке қызыққандықтан, каратэні бірден ұнаттым», – дейді студент.
Жарыс барысында ол өзінен алты жас үлкен қарсыласпен жекпе-жекке шығып, нағыз табандылық танытқан.
«Бұл мен үшін ең қиын сәттердің бірі болды, себебі қарсыласымның жасы мен салмағы да үлкен еді. Бірақ жеңіске деген сенім мен дайындық көмектесті», – дейді Ардақ.
Спортшы ката мен шобу-санбон бағдарламаларының айырмашылығын да түсіндіріп өтті:
«Катада каратэдегі қорғаныс және шабуыл әдістерін әдемі, үйлесімді көрсету маңызды. Ал шобу-санбон – олимпиадалық жекпе-жек түрі, мұнда қарсыласты бірінші әрі тез ұрып үлгеру қажет».
Ардақ өз жетістігін лайықты санайтынын айтып, алдағы уақытта Ташкент қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысуды мақсат етіп отыр.
«Басында оқу мен спортты қатар алып жүру өте қиын болды. Бірақ жоспармен жүріп, уақытты дұрыс бөлуді үйрендім. Келешекте Ташкентте өтетін Әлем чемпионатына қатысып, орын алғым келеді», – дейді ол.
Жас спортшы өз жетістігіне отбасы мен бапкерінің қолдауы зор ықпал еткенін айтып, оларға алғысын білдірді.
«Маған ең үлкен демеу – отбасым. Сондай-ақ ұстазым Гүлназ Қоңырбаевнаға және жаттықтырушым Дархан Аскаровқа ерекше алғыс білдіремін. Сол кісілердің сенімі мен қолдауы арқасында осындай нәтижеге жеттім», – дейді Ардақ.
Университет ұжымы Ардақты жеңісімен шын жүректен құттықтайды!
