Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Инклюзивті білім беру үшін жасанды интеллекті пайдалану: Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастық өңірі үшін масштабталатын модель» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті атынан Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназ Ибрагимқызы Салгараева, «Арнайы педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Бердіұлы Сикинбаев және 8D01502 – «Информатика» білім беру бағдарламасының докторанты Алуа Ақанқызы Масимгазиева қатысты.
Конференция барысында инклюзивті білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл бағыт Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде де қарқынды дамып келеді.
Университет профессоры Гүлназ Ибрагимқызы Салгараеваның жетекшілігімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023–2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан АР19679272 «Есту қабілеті зақымдалған балаларға инклюзивті білім беру үшін үйретуші мобильді қосымшалар әзірлеу» атты ғылыми жобасы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Жоба инклюзивті білім беру үдерісін цифрлық технологиялар арқылы қолдауға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Конференцияның екінші күнінде университеттің докторанты Алуа Масимгазиева «Инклюзивті білім беру жағдайында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданудың тиімділігі» тақырыбында баяндама жасап, докторлық диссертациясы аясында жүргізіліп жатқан зерттеу нәтижелерін ұсынды.
QyzPU өкілдерінің халықаралық ғылыми алаңдарға қатысуы – университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және білім беру саласындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
