Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтіп, спорт саласында үздік нәтижеге жеткен студенттер мен жаттықтырушылар марапатталды.

Іс-шара барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай спортшыларға жылы лебізін білдіріп, олардың жетістіктері оқу орнының абыройын арттыруға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

Жыл бойы университеттің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы мен студенттік командалар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

QyzPU спортшылары футзалдан Республикалық студенттер лигасында І орынды иеленіп, сондай-ақ дзюдо, самбо, қазақ күресі, таэквондо, үстел теннисі, бокс, шахмат және жеңіл атлетика бойынша өткен универсиадалар мен чемпионаттарда жүлдегер атанды.

Ерекше жетістіктердің қатарында:

Нұрай Камзаева – самбодан әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері;

Ясмина Токсанбаева – жеңіл атлетикадан Қазақстан рекордшысы және әлем чемпионы (Токио, Жапония);

Любовь Темникова – грэпплингтен әлем чемпионы (Оңтүстік Корея);

Футзал командасы (жетекшісі – Ибрагим Бисариев) – республикалық студенттер лигасының жеңімпазы;

Таэквондо және бокс құрамасы (жаттықтырушылар – Жұмабек Омурзақов, Сұлтанмахмұт Шоқбытов) – универсиадада бірнеше жүлделі орындарға ие болды.

Жаттықтырушылар құрамындағы Әлия Есельбаева, Нұрлан Усбанов, Алла Кухаренко, Юрий Фролов, Данара Тауасарова және кафедраның оқытушылары Басқарма Төрағасы-Ректордың м.а Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл жетістіктер QyzPU студенттерінің табандылығын, еңбексүйгіштігін және спортқа деген жоғары жауапкершілігін дәлелдейді. Университет басшылығы спортшылардың жеңісі оқу орнының мақтанышы екенін атап өтіп, алдағы уақытта спорт саласына қолдау жалғасатынын жеткізді.