2025 жылдың 23 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Республика күніне арналған «Туған өлкем – қасиетті мекенім!» атты салтанатты мәдени іс-шара өтті.
Мерекелік жиынның мақсаты – ел тәуелсіздігін дәріптеу, студент жастардың бойында отансүйгіштік рухты нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау болды.
Іс-шараның шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Салтанатты жиында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай барша қауымды мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел тарихындағы маңыздылығына тоқталды.
«Бұл күн – қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының айғағы, азаттық пен бірліктің, елдік пен рухтың нышаны. Бүгінгі таңда еліміз қарқынды дамып келе жатқан егемен мемлекет ретінде әлемге танылды. Университетіміз де осы даму үдерісінен қалыс қалмай, сапалы білім мен ғылымды заманауи технологиялармен ұштастырып келеді», – деді ол.
Мереке аясында Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Нурсагатовна Жуманкулова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, цифрлық офицер Тимур Саатдинұлы Картбаев және биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор м.а. Ақмарал Алтынбекқызы Сартаева «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, университеттің бірқатар қызметкерлері мен оқытушылары «Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Басқарма Төрағасы – Ректордың м.а. Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік концерттік бағдарламада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының курсанттары «Жауынгерлік дефиле» нөмірін ұсынып, университеттің өнерпаз студенттері өз өнерлерін паш етті.
Шара соңында қатысушылар мен қонақтар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Бұл жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 3 бағыты («Салауатты өмір салты мен игілікті қоғамды қамтамасыз ету») аясында жүзеге асырылды.
