Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 1–30 қазан аралығында өткен PhD докторанттарға арналған ғылыми семинар сериясы (интенсивті курс) өз мәресіне жетті. Бағдарлама барысында қатысушылар ғылыми зерттеу жүргізудің заманауи әдістері мен академиялық талаптарына тереңірек бойлап, теориялық және практикалық білімдерін жетілдірді.

Курс аясында диссертация құрылымы, ғылыми зерттеулердің әдіснамасы, деректерді талдау, сондай-ақ академиялық жазылым дағдылары тақырыптары қамтылды. Интенсивті сабақтарды отандық және шетелдік жоғары оқу орындарынан келген тәжірибелі профессорлар мен сарапшылар жүргізді.

Бағдарламаның қорытынды дәрісін Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Мөлдір Абдраймова жүргізді. Ол «Докторант пен ғылыми жетекші міндеті. Докторлық диссертация тақырыптарын нақтылау» тақырыбында мазмұнды дәріс оқып, қатысушылармен пікір алмасты.

Курсқа қатысқан докторанттар бұл бағдарламаның өздерінің зерттеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға, ғылыми ойлау қабілетін дамытуға және академиялық жазылым дағдыларын жетілдіруге зор мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Интенсивті курстан көп білім алдық. Курстың арқасында тақырыбымызды, мақсатымызды, зерттеу әдістерімізді айқындап, өз жұмысымызға қажетті маңызды ақпараттар алдық. Маған ең ұнаған дәріс – ақпаратты жинақтау туралы болды. Сондай-ақ сілтемелер арқылы шетелдік мақалаларды талдау және олардың әдістерін бақылау жайлы құнды мәліметтер алдық», – дейді қатысушы, Филология институтының 1-курс докторанты Кәмшат Шынәділова.

«Интенсивті курс мен үшін кәсіби және академиялық тұрғыдан өсуіме үлкен мүмкіндік болды. Курс барысында бірнеше ғалым өте жоғары деңгейде дәріс өткізді. Әсіресе маған Айсұлу Молдабекованың дәрісі өте пайдалы болды. Профессор бізге зерттеудің мақсатын, мәселесін, зерттеу сұрақтары мен гипотезасын анықтауды үйретті. Курс ұйымдастырушыларына зор алғысымды білдіремін», – деді №140 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульмира Кусаинова.

Сонымен қатар курс аясында интерактивті талқылаулар, практикалық тапсырмалар мен ғылыми жобаларды таныстыру сессиялары ұйымдастырылды. Интенсивті курс PhD докторанттардың кәсіби және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталып, университеттің ғылыми экожүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды.