2025 жылдың 5 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айнагүл Қапасқызы Ершинаның жаңа еңбектерінің тұсаукесері өтті. «Ғылым мен білім тоғысы» тақырыбындағы іс-шара аясында ғалымның «Ағын теориясы» атты оқулығы мен «Механикалық қондырғылар», «Теория и практика использования возобновляемых источников энергии» атты оқу құралдары көпшілікке таныстырылды.

Профессор Айнагүл Ершина – QyzPU түлегі, еліміздің физика ғылымына елеулі үлес қосқан, 54 жылдан астам уақыт бойы бірнеше буын педагог-физиктерді тәрбиелеп келе жатқан жоғары білікті ұстаз. Оның еңбектері заманауи энергетика, механика және жаңартылатын энергия көздері саласында білім беруді жетілдіруге бағытталған.

Іс-шараның мақсаты – жоғары білім беру жүйесінде өзекті саналатын жасыл энергетика, баламалы энергия көздерін пайдалану, сондай-ақ механикалық қондырғылардың түрлері мен жұмыс істеу принциптерін түсіндіретін жаңа оқу құралдарын оқу процесіне енгізу жолдарын талқылау болды.

Тұсаукесерге еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының вице-президенті, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Рустем Кусаингазиевич Манатбаев, Каспий қоғамдық университетінің Инженерия институтының деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Гулнара Байболовна Нурпеисова, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Динара Елеусизовна Туралина шараның құрметті қонақтары болды.

Шара барысында профессор А.К.Ершинаның ғылыми еңбектері мен зерттеу бағыттары таныстырылып, ұсынылған оқу құралдарын оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары арасында пікірталас және сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды.

Қыздар университетінде өткен бұл іс-шара – отандық ғылым мен білімнің дамуына зор серпін беретін маңызды басқосу болды. Профессор Айнагүл Ершинаның еңбектері болашақ инженерлер мен энергетика саласының мамандарына арналған сапалы білім көзіне айналары сөзсіз.