QS Asia University Rankings 2026 халықаралық рейтингісінің нәтижесі бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Азияның ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл – университет ұжымының жүйелі еңбегі мен сапалы білім беру ісіндегі табандылығының айқын дәлелі.

QS (Quacquarelli Symonds) – әлемдік деңгейдегі ең беделді жоғары оқу орындарының рейтинг жүйелерінің бірі. Рейтинг нәтижесінде университеттер академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы танымалдылығы, халықаралық ынтымақтастық деңгейі және ғылыми жарияланымдар сапасы бойынша бағаланады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек QyzPU ұжымын бұл жетістігімен арнайы құттықтап, жоғары оқу орнының еліміздің білім кеңістігіндегі орны мен ғылыми әлеуетін жоғары бағалады: «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздің жоғары білім кеңістігіндегі ғылыми ізденіс пен инновацияның символы. Сіздердің халықаралық рейтингтерге тұрақты түрде қатысуларыңыз Қазақстанның академиялық беделін арттыруға және ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосып келеді», – делінген  құттықтау хатта

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің QS Asia University Rankings нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінуі – отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, Қазақстан ғылымының даму қарқынын айқындай түсті.