Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер Алматы қаласы бойынша «Аманат» партиясының өкілдерімен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы Жолдауында жарияланған «AI-Sana» ұлттық бағдарламасының мән-маңызын жастарға түсіндіру және қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беру болды.

Шараның кіріспе сөзін «Аманат» партиясының Орталық аудандық филиалының төрайымы Найля Ордабаева ашып, партияның негізгі бағыттары мен ел дамуына қосып жатқан үлесі жөнінде айтты. Алматы қаласы мәслихатының депутаты Елена Бакарасова өз баяндамасында депутаттық қызмет аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен әлеуметтік бастамалар жөнінде есеп берді. Сондай-ақ, «Аманат» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Махамбет Асабаев Президент Жолдауында ерекше мән берілген жасанды интеллектті дамыту туралы баяндама жасады.

Кездесу соңында оқытушылар мен студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды. Диалог форматы мен еркін пікір алмасу рухында өткен басқосу жастардың саяси белсенділігін арттырып, цифрлық дәуірдегі жаңа мүмкіндіктер мен ел дамуына бағытталған бастамаларға деген қызығушылығын күшейтті.