Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық серіктестік пен шетел тілдерін оқыту бағытындағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруде. Университеттің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, PhD доктор Салтанат Джақубаева Қытай Халық Республикасына іссапары аясында Синьцзян университетінде өткен «Қытай тілін шет тілі ретінде оқыту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту» атты халықаралық симпозиумға қатысты.
Симпозиум барысында Салтанат Төлеуқызы интернационализация және халықаралық академиялық коллаборацияның маңызы туралы баяндама жасап, QyzPU-дың халықаралық стратегиясы, шетелдік серіктестермен жүзеге асып жатқан жобалар және университетте қытай тілін оқыту тәжірибесін кеңейту бағытындағы жұмыстар жөнінде айтты. Ол өз сөзінде тілдік білім мен мәдени өзара түсіністі дамыту – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы академиялық дипломатияның маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Симпозиум аясында доктор Салтанат Джақубаева Синьцзян университетінің проректоры Цзин Ган мырзамен ресми кездесу өткізіп, екі оқу орны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою және студенттік алмасу бағдарламасын іске асыру жөнінде келісімге келді.
Бұл келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және мәдени байланыстарды тереңдетуге, сонымен қатар оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Тараптар сондай-ақ бірлескен зерттеу жобаларын дамыту, қытай тілін оқытудың инновациялық әдістемелерін енгізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Бұл сапар – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық бағыттағы стратегиясын нығайтып, Азия аймағындағы жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті тереңдетуге жол ашқан маңызды кезең болды.
