Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Teacher Education Centre және Shanghai Normal University өкілдерімен стратегиялық кездесу өткізді. Іс-шара ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы аймақтық кеңсесінде өтті.
Кездесуге университет тарапынан Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, PhD доктор Салтанат Джақубаева және академиялық мәселелер жөніндегі директор Қымбат Балажанова қатысты.
Кездесу барысында тараптар педагогикалық білім беруді интернационалдандыру, оқу сапасын арттыру және мұғалімдерді даярлаудың инновациялық тәсілдерін енгізу бағыттарын талқылады. Сонымен қатар, профессор-оқытушылар құрамымен алмасу, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
QyzPU үшін бұл кездесу – университеттің халықаралық серіктестік желісін кеңейтіп, әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді интеграциялануға бағытталған маңызды қадам. Болашақта бұл ынтымақтастық аясында ЮНЕСКО бастамаларына қатысу, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру және жоғары оқу орындары арасындағы жаһандық байланысты нығайту жоспарланып отыр.
