2025 жылдың 7 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасында «Кітапханалардың Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қатысуы: халықаралық және отандық тәжірибе» атты семинар өтті.
Іс-шара Катардың Доха қаласында өткен Екінші Әлемдік әлеуметтік даму саммитінің қорытындысына орай ұйымдастырылды. Саммит барысында әлемдік қауымдастық 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жөніндегі жаһандық міндеттемелерін қайта растаған болатын.
Семинар кәсіби диалог пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Оған Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен мамандары, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ QyzPU-дың ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының студенттері мен оқытушылары қатысты.
Бағдарлама барысында қатысушылар ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» мақсатын іске асыру, кітапханалардың тұрақты даму үшін әлеуметтік драйвер ретіндегі рөлі және тұлғаның тұрақтылығын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, практикалық воркшоп ұйымдастырылып, кітапхана саласының өкілдері өз мекемелеріне арналған нақты іс-қимыл жоспарларын әзірледі.
Семинар аясында Қазақстан жоғары оқу орындары кітапханалары арасындағы кәсіби қауымдастықты нығайту және ұлттық деңгейде тұрақты даму күн тәртібін қолдау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының директоры Әсем Өтегенова кітапханалардың заманауи қоғамдағы маңызын атап өтті:
«Кітапхана – тек білім қоймасы емес. Бүгінде кітапханалар ағартушылықтың, цифрлық сауаттылықтың, әлеуметтік интеграция мен экологиялық мәдениеттің белсенді орталықтарына айналып келеді. ТДМ-ды іске асыруға қатысу – қоғамға қызмет ететін ашық институттар ретіндегі біздің миссиямыздың табиғи жалғасы», – деді ол.
Бұл шара кітапхана саласындағы мамандардың тұрақты даму құндылықтарын ілгерілетудегі рөлін күшейтіп, білім беру экожүйесіндегі олардың стратегиялық маңызын айқындады.
