Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты, Қазақ әдебиеті кафедрасы ұйымдастырған «Абай және заманауи ой кеңістігі» атты апталық өз мәресіне жетті. Апталықтың жабылу рәсімі ретінде 7 қараша күні ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Білектей арқасында өрген бұрым» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сөз өнері мен ұлттық мәдениетті ұштастыра отырып, жас ұрпақ бойында рухани құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру болды.
Іс-шараның құрметті қонақтары – Абай атындағы ұлттық мамандандырылған мектеп-интернатының «Ділмар» шешендік өнер ұйымының жетекшісі Жарқын Сәленұлы және ұйымның шәкірттері. Олар кеш барысында шешендік өнердің үздік үлгілерін көрсетіп, Абай шығармаларынан мәнерлеп өлең оқып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Кеш бағдарламасы аясында студенттер мен қонақтар өнердің түрлі қырын көрсетті: 304-топ студенттері Абай жырларынан поэзиялық композиция орындап, 405-топ студенті Тәжен Күнсұлу ақын мұрасының тәрбиелік мәнін талдады. Сондай-ақ «Назқоңыр» үйірмесінің өнерпаздары поэзиялық композиция орындап, кешті «Желсіз түнде жарық ай» әнімен әсерлі түйіндеді. Кеш соңында барлық қатысушылар «Көзімнің қарасы» әнінің сүйемелдеуімен сахнаға шығып, Абай рухына тағзым етті.
Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл кеш – рух пен өнердің үндестігін айқындаған мазмұнды шара болды. Үш күнге жалғасқан апталық филология ғылымдарының профессорлары мен қазақ әдебиетінің майталман мамандарының мазмұнды дәрістерімен және ойлы пікірлерімен есте қалды. Шара жас ұрпақтың сөз мәдениетін дамытуға, ұлттық өнер мен шешендік дәстүрді сабақтастыруға бағытталған игі бастама ретінде көрермендердің жылы ықыласына бөленді.
