7 қараша 2025 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы, ҚР Асық ату мен Тоғызқұмалақ спорт федерациясы және университеттің ұйымдастыруымен жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары арасында ұлттық спорт түрлері – асық ату және тоғызқұмалақтан республикалық турнир өтті.
Шараның негізгі мақсаты – ұлттық ойындарды ұстаздар қауымы арасында кеңінен насихаттау және дамыту. Турнирге еліміздің әр өңірінен келген ұстаздар қатысып, мергендік пен логикалық ойлау қабілетін сынға салды.
Шараны университеттің Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректоры Еркын Жуманкулова және Қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ерғали Мухиддинов құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Республикалық жарыс ерлер мен әйелдер арасында 21–29, 30–39, 40–49, 50–59 және 60 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша өтті. Жеңімпаздар ҚР Асық ату және Тоғызқұмалақ спорт федерацияларының дипломдарымен марапатталды. Ал белсенді қатысушыларға арнайы дипломдар табыс етілді.
Жарысқа қатысушы ұстаздар өз әсерлерімен де бөлісті:
«Мен Жаңатас қаласынан келдім. Асық ату ойынына қызығушылығым бала кезден басталды. Бұл ойында мергендік, яғни қырағылық пен ептілік қажет. Уақытқа үлгеріп, барынша шапшаң болу шарт. Өз мектебімізде де асық атудан жарыстар өткізіп тұрамыз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ұлттық ойынымызды барынша дәріптеп, оның танымал болуына үлес қосу – әрқайсымыздың борышымыз деп есептеймін», – деді Жамбыл облысы, Абылайхан атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрбол Мұстафаев.
«Тоғызқұмалақ – өрісті математикалық және логикалық тұрғыда дамуға негізделген ұлттық ойындардың бірі. Мен бұл сайысқа тыңғылықты дайындалдым. Мұғалім ретінде түрлі спорт түрлерін білуіміз керек деп санаймын. Бұл ойында есептеу, талдау және қарсыластың жүрісін алдын ала болжау қабілеті аса маңызды», – деді Жарқынай Ташметова, Алматы облысы М.Бейсебаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі.
Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Арсен Тоқтыбай (Алматы қ., 20–29 жас), Берік Сембаев (Алматы қ., 30–39 жас), Ғабит Бөкенов (Алматы қ., 40–49 жас) және Ашенбек Қодар (Алматы обл., Қарасай, 50–59 жас) үздік атанса, әйелдер арасында Айым Бодықова (Алматы обл., Қарасай, 20–29 жас), Зулифа Мусаева (30–39 жас) және Жарқынай Ташметова (40–49 жас) жүлделі орындарға ие болды. Асық атудан Түркістан облысы Ордабасы ауданынан келген Ақниет Қалдыбеков (20–29 жас), Жамбыл облысы Жаңатас қаласынан Нұрбол Мұстафаев (30–39 жас), сондай-ақ Алматы қаласының өкілдері Берік Сәрсенбай (40–49 жас), Болат Базбашев (50–59 жас) және Мұрат Жұмаділов (+60 жас) жеңіс тұғырынан көрінді.
Турнир жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар ұлттық спорт түрлерін дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп, ұстаздар қауымының спорттық белсенділігін арттыруға бағытталады.
