Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану институты мен Биология кафедрасының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Іс-шараға Биология білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – студенттердің әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын терең тануға баулу, сондай-ақ жоғары патриоттық сезімді, туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында студенттер Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасымен кеңінен танысып, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы мағлұмат алды. Абайдың қара сөздеріндегі тағылымды ойлар мен өмірлік өсиеттер талқыланып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі кеңінен ашып көрсетілді.
Бағдарлама барысында студенттер Абайдың бала кезінен қойылған көріністі сахналап, Зеренің даналық сөздерін көрерменге жеткізді. Сонымен қатар, «Аққу» биі орындалып, «Балбырауын» күйі тартылды. Іс-шара соңында қатысушылар Абай Құнанбайұлының мұрасының қазіргі заман жастары үшін тәрбиелік және рухани мәні зор екенін атап өтті.
