Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің және оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару тобының (РОӘК ОӘБ-ЖБТ) 012 – Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 013 – Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау, 018 – Әлеуметтік педагогика мамандарын даярлау бағыттары бойынша кезекті отырысы өтті.
Отырыс аралас форматта – оффлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн режимде ұйымдастырылды. Биылғы жиынның басты тақырыбы: «Сапалы білім – тұрақты дамудың негізі: ТДМ 4 көрсеткіштерін іске асыру жолдары» болды.
Іс-шара барысында педагогикалық білім сапасын арттыру, тәжірибе алмасу және Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ 4) көрсеткіштерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Отырыста Мичиган штаты университетінің педагогикалық колледжінің профессоры Дуглас Хартман, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің бас маманы Мейргуль Алпысбаева, Қазақстан шахмат федерациясының білім беру жобаларының басшысы Жазира Искандирова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының директоры Дулат Аманжолов, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Утилова және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Мария Кабышева баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер баяндамаларында тұрақты даму принциптерін білім беру жүйесіне енгізу, педагог кадрлардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және педагогикалық даярлықтағы инновациялық тәсілдерді қолдану бағыттарында өзекті мәселелерді көтерді. Жиын қорытындысында қатысушылар қабылданған резолюцияны талқылап, рұқсатқа ұсынылған оқу әдебиеттеріне сараптама нәтижелерін қарастырды.
Іс-шара педагогикалық білім беру саласындағы үздік тәжірибе мен идеялар алмасуға, білім сапасын арттыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
