Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білім беру технологиялары саласындағы серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған маңызды кездесу өтті. «EdTech өнімін жеткізу және біріктіру: Turatulk-пен серіктес болу жолдары» тақырыбындағы шарада Turatulk платформасының экожүйесі мен серіктестік тетіктері таныстырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — білім беру технологияларын оқу процесіне тиімді енгізу, Turatulk платформасының ашық экожүйесін және біріктіру (интеграция) кезеңдерін талқылау болды.

Кездесу барысында қатысушылар Turatulk платформасының ашық API құрылымымен танысып, EdTech өнімдері мен оқу контентін біріктірудің тиімді тәсілдерімен бөлісті, сондай-ақ серіктестік келісімдер, лицензиялық және техникалық талаптар мен бірлескен өнім әзірлеу мүмкіндіктері бойынша тәжірибелік ұсыныстар алды.

Шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері қонақ ретінде қатысып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен бірге цифрлық білімнің болашағы туралы пікір алмасты.Кездесу офлайн және онлайн форматта қатар өтті, бұл қатысушыларға кең ауқымда пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Жоба жетекшісі Лира Ибраймова студенттерге Turatulk платформасында қазақ тілін қашықтан оқыту бойынша оқытушы ретінде серіктес болуға шақырды. Бұл бастама — болашақ педагогтарға өз білімін цифрлық ортада қолдану мен дамытуға жол ашады.