2025 жылы 12 қарашада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұлттық зияткерлік ойын –«Тоғызқұмалақ» спортынан командалық және жекелей турнир өтті. Дәстүрлі түрде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған додаға қаладағы 14 жоғары оқу орнынан 300-ге жуық өтінім түсіп, оның ішінде 200-ден астам студент ресми түрде тіркеліп, жарысқа қатысуға ниет білдірді.
Турнирге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (QyzPU), Қазақ спорт және туризм академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Сәтбаев университеті, AlmaU сынды жоғары оқу орындарының үздік ойыншылары қатысты.
Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақты насихаттау, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, зияткерлік қабілетін дамыту, сондай-ақ Алматы қаласының үздік спортшыларын анықтау болды.
Ашылу салтанатында Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ күресі федерациясының төрағасы Ерғали Мұхитдинов, тоғызқұмалақтан еңбек сіңірген жаттықтырушы Айнұр Жақапбаева құттықау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Алматы қаласы Тоғызқұмалақ федерациясының директоры Азамат Қалдыбаев жарыстың маңыздылығын атап өтті:
«Бұл жарыс екінші жыл қатарынан жалғасын табуда. Жоғары оқу орындары студенттері арасында командалық және жекелей түрде өткізіп жатырмыз. Тоғызқұмалақ – халқымыздың руханиятынан бастау алған терең ойын. Болашақта турнирді халықаралық деңгейге шығарып, сол дәрежеде ұйымдастыруды мақсат етіп отырмыз. QyzPU бұл шараны өткізуге үлкен қолдау көрсетті, мұндай тарихы терең университетте осындай ұлттық ойындардың өтуі біз үшін үлкен мәртебе», – деді.
Турнирге қатысушылардың бірі, QyzPU Педагогика және психология институтының 1-курс студенті Анеля Абекенова өз әсерімен бөлісті:
«Университетке оқуға түскенде тоғызқұмалақ ойынына осынша қолдау көрсетіледі деп ойламадым. Күн сайын үш сағат дайындалдым. Мақсатым – турнирде жеңіске жетіп, QyzPU атын жоғары дәрежеде таныту. Оқу мен спортты қатар алып жүру қиын емес, ең бастысы – ынта мен қолдау».
Ал Қазақ спорт және туризм академиясының 4-курс студенті Меруерт Хуатқызы турнирге екінші рет қатысып отырғанын айтты:
«Тоғызқұмалақ ойынын 4-сыныптан бері ойнаймын, 10 жылдан астам тәжірибем бар. Бұл ойынның арқасында көптеген достар таптым, ортам кеңейді. Өткен жылы да осы турнирде жүлделі орын алған едім, биыл да жеңіске жетемін деген сенімдемін».
Нәтижесінде командалық есеп бойынша 1-орынды – Қазақ спорт және туризм академиясы, 2-орынды – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, ал 3-орынды – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті иеленді. Сонымен қатар жекелей сында да үздік нәтижелер көрсеткен студенттер жүлделі орындармен марапатталды.
Ұлттық ойынды кеңінен насихаттауды, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруды көздеген бұл турнир алдағы жылдары да өз жалғасын табады деп күтілуде.
