2025 жылдың 11 қарашасында Балаларды ерте дамыту институты Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Іс-шара Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі және оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару тобының (РОӘК ОӘБ-ЖБТ) 012 – Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 013 – Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау, 018 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану бағыттары бойынша жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды.
Конференцияның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесін тиімді дамыту, инновациялық педагогикалық тәжірибелерді тарату, ғалымдар мен педагогтер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту және ғылыми диалог алаңын қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология институты, Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Бахытжамал Арзанбаева модераторлық етті. Сонымен қатар педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Ақгүл Жұбандықова Балаларды ерте жастан дамыту және отбасын зерттеу орталығының тәжірибесімен бөлісті.
Конференцияда мектепке дейінгі ұйымдар тәжірибесіндегі өзекті мәселелер талқыланып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған тиімді ұсыныстар мен жаңашыл идеялар ұсынылды.
