Бүгін Назарбаев Университетінде жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті дамытуға арналған Ректорлар форумы өтті.
Маңызды жиынға Эстония Президенті Алар Карис, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Эстонияның жетекші университеттері – Tallinn University of Technology, University of Tartu, Tallinn University, Estonian University of Life Sciences, Estonian Academy of Music and Theatre, Estonian Entrepreneurship University of Applied Sciences және Estonian Academy of Arts ректорлары арнайы келді.
Форумға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай да қатысып, жоғары білім жүйесіндегі өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара Эстония Президенті Алар Каристің алғысөзімен басталды. Ол халықаралық академиялық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, бірлескен ғылыми жобалардың жаһандық даму үрдістеріне ықпал ете алатынын айтты.
Форум барысында оқу бағдарламаларын инновациялық тәсілдермен жаңарту, ортақ білім беру бағдарламаларын іске қосу, ғылыми зерттеу орталықтарын құру, білім беру жүйесін цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.
Форум жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті күшейтіп, жаңа бастамаларға жол ашатын тиімді пікір алаңы ретінде бағаланды.
