Жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі QS Quacquarelli Symonds тұрақты даму мақсаттарына бағытталған әлемнің жетекші университеттерін қамтитын кезекті жаһандық рейтингін – QS Sustainability Rankings 2026 нәтижелерін жариялады.
Аталған бағалау жүйесіне биыл алғаш рет енген Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті әлем университеттері арасында 1501+ орынды иеленді. Үздік жоғары оқу орындарының жалпы тізіміне барлығы 1994 университет енгізілсе, олардың ішінде Қазақстаннан 23 университет рейтингіде индекстелді. QyzPU-дың QS Sustainability Rankings тізіміне енуі оқу орнының тұрақты даму қағидаттарын енгізу және жүзеге асыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
QS Sustainability Rankings жоғары оқу орындарын бірнеше кешенді критерий бойынша бағалайды. Негізгі өлшемдерге университеттің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалары, ресурстарды тиімді пайдалану саясаты, сондай-ақ білім беру мен ғылымда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету сияқты көрсеткіштер кіреді. Осы критерийлердің барлығы халықаралық деңгейде университеттердің қоғам алдындағы жауапкершілік деңгейін, әлеуметтік ықпалын және тұрақты даму саласындағы ұзақмерзімді саясаттарын айқындайды.
QyzPU-дың аталған рейтингке енуі – оның білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетімен қатар, әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталған стратегияны табысты жүзеге асырып отырғанының дәлелі. Бұл жетістік университеттің халықаралық академиялық аренадағы беделін арттырып, жаһандық тұрақты даму бастамаларына қосқан үлесін айқындайды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті алдағы уақытта да тұрақты даму мақсаттарына сай жобаларды кеңейтіп, білім беру саласындағы халықаралық талаптарға жауап беретін бастамаларды дамытуды жалғастырады.
