Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жас бағдарламашылар мен шығармашыл студенттерді біріктіретін халықаралық хакатон өз жұмысын бастады.
Биылғы дода «Tech QyzPU Niğde Hack: AI және жұмысшы мамандықтар» тақырыбына арналып, заманауи технологиялық дағдыларды дамыту мен инновациялық ойлауды қолдауға бағытталды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар хакатон Президенттің жыл сайынғы Жолдауында көрсетілген цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға қатысты тапсырмаларды жүзеге асыруға үлес қоспақ.
Жоба Түркия Республикасының Нийде Өмер Халисдемир университеті және Нийде технопаркімен жасалған екіжақты келісім аясында өтуде.
Хакатонның ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор міндетін атқарушы Сәбит Суатай сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
«Алдағы 24 сағат сіздер үшін тәжірибе алаңы. Хакатон – сайыс қана емес, инновация мен шығармашылықтың мерекесі. Біздің университет жасанды интеллект, цифрлық педагогика, IT және EdTech бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондықтан бұл хакатон біздің стратегиялық мақсаттарымызға толық сай келеді», – деді Сәбит Құрманжанұлы.
24 сағаттық жарыстың басты мақсаты – қысқа мерзім ішінде топтық жұмыс арқылы инновациялық бағдарламалық шешімдер әзірлеу. Биылғы додаға еліміздегі онға жуық жоғары оқу орнынан жиырма команда қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыны жоғары жылдамдықты интернетпен, жұмыс орындарымен, электр қуатымен қамтамасыз етіп, тамақ пен сусындарды тегін ұсынды.
«Нийде Өмер Халисдемир университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ынтымақтастығы аясында өтіп жатқан бұл хакатонның ашылғанына шын жүректен қуаныштымын. Біз бұл шараны тек жарыс ретінде емес, жаңа кезеңге бастайтын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашар баспалдақ деп қараймыз. Сондықтан да хакатонға қатысқан әрбір қатысушыны жеңімпаз деп есептейміз. Осы шараның арқасында алда талай жеңістердің есігі ашылады деген ойдамын. Нийде Өмер Халисдемир университеті тарапынан да ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін қадамдар жасалып жатыр», – деді Проф. Нигде Өмер Халисдемир университеті, Компьютер және ақпараттық ғылымдар факультетінің деканы, доктор Алпер Айтекін.
ХАТУ-дың «Ақпараттық технологиялар» мамандығының 2 курс студенті, «X pluse» командасының мүшесі Әділет Джұбатыр үшін бұл – алғашқы тәжірибе.
«Жасанды интеллекттің елімізде дамып келе жатқаны қуантады. Хакатонға алғаш қатысып отырмын, қызықты өтеді деп ойлаймын. Командада үш адамбыз, 24 сағат ішінде таңдалған кейсті орындай аламыз деген сенім бар. Алдын ала дайындалып, қажетті жабдықтардың бәрін ала келдік. Жаңа тәжірибе мен пайдалы білім алады деген үміттемін. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді жас бағдарламашы.
