Бүгін QyzPU, Алматы қаласы Білім басқармасы, Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және А. Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицей бірлесіп «Мектеп пен жоғары оқу орны ынтымақтастығы – математика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін арттыру жолы» атты қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Шараға мектеп пен университеттің математика пәні мұғалімдері мен оқытушылары қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – мектеп пен университет арасындағы кәсіби байланыс пен тәжірибе алмасуды күшейту, сондай-ақ мұғалімдердің заманауи оқыту әдістемелерін жетілдіруді қолдау.

Іс-шара барысында қатысушылар математиканың өмірде қолданылуын, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдарын, пәннің құндылықтық негіздерін, шетелдік озық педагогикалық тәжірибелердің тиімділігін, сондай-ақ есептер мен жаттығуларды оқушылардың қабілетіне қарай бейімдеу әдістемесін талқылады.

Спикерлер оқыту мазмұнын жаңғырту, халықаралық тәжірибелерді қолдану және математика пәнінің өмірдегі маңызын арттыру жолдарын жан-жақты қарастырды.

Қорытындылай келе, қатысушыларға сертификаттар табысталып, алдағы бірлескен жобалар мен ұсыныстар белгіленді.