Бүгін, 21 қараша күні, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Түркия Республикасының Муш Алпарслан университеті мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігінің өкілдерінен құралған делегация ресми сапармен келді.
Делегацияны Әлеуметтік саясатты қолдану және зерттеу орталығының директоры, халықаралық жастар жобасының үйлестірушісі Мурат Каймаз мырза бастап келді.
Кездесуге университет тарапынан Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Жастар саясаты орталығының басшысы Мейрамгүл Дауленбаева, Халықаралық бөлім басшысы Салтанат Джакубаева және университеттің бірнеше құрылым басшылары қатысты.
Шара барысында университет пен Муш Алпарслан университетінің қызметі, халықаралық жобалары мен жастарға арналған бастамалары бойынша таныстырылымдар ұсынылды. Тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, жастарға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми және мәдени коллаборацияларды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Нәтижесінде екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта білім, ғылым және жастар саясаты бағытында ортақ жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Делегация университет музейін аралап, оқу орнының тарихымен танысты. Сонымен қатар қонақтар кампус аумағын аралап, оқу корпустары, зерттеу орталықтары мен жастарға арналған инфрақұрылыммен танысты.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық байланыстарын кеңейтуді жалғастырып, білім беру саласындағы әріптестік аясын нығайтуға ерекше мән береді.
