Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жаратылыстану институты, Химия кафедрасының ұйымдастыруымен Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған арнайы шара өтті.

Шараның мақсаты – Ебіней Арыстанұлының өнегелі өмір жолын, ғылыми мұрасы мен ағартушылық қызметін насихаттау, жас буынға ғалым еңбегінің мәні мен маңызын таныту.

Жаратылыстану институтының директоры, профессор Байташева Гаухар Умиралиевна кештің ашылуында сөз сөйлеп, ғалымның қазақ ғылымына сіңірген еңбегін атап өтті. Ол Ебіней Арыстанұлының мұрасы жас ұрпақ үшін әрдайым рухани бағдар болатынын жеткізді.

Іс-шараға Қазақстанның көрнекті ғалымдары Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығының бас директоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, техникалық ғылымдар докторы Жарменов Абдурасул Алдашевич, Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты зертханасының меңгерушісі, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы Баешов Абдуали Баешович, Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының профессоры, МАИН академигі, техникалық ғылымдар докторы Баешова Ажар Қоспанқызы қатысты. 

Қатысушылар Ебіней Арыстанұлының ғылымдағы жаңашылдығы, жастарды қолдауға бағытталған ағартушылық қызметі және қазақ химия ғылымын халықаралық деңгейге көтерудегі рөлі туралы жан-жақты талдау жасады.

Шара барысында студенттер ғалымның еңбегіне арналған шығармашылық көрініс көрсетіп, оның ғылыми мұрасын өз көзқарастарымен жаңаша танытты. Кеш студенттер үшін ерекше танымдық мәнге ие болып, оларды ғылымға деген қызығушылыққа, тұлғалық даму мен кәсіби ізденіске ынталандырды.

Бұл басқосу – ұлт ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын дәріптеп қана қоймай, жас буынға ой салған, рухани мәні зор әсерлі кездесу болды.