Түркия Республикасының Ыспарта қаласындағы Сүлейман Демирел университетінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен академиялық және ғылыми байланыстарды кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Сүлейман Демирел университетінің ректоры, профессор Мехмет Салтан және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева қатысты.
1992 жылы құрылған Сүлейман Демирел университеті – Түркияның оңтүстік-батысындағы Ыспарта қаласында орналасқан жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 40 мыңнан астам студент білім алатын оқу орны инженерия, медицина, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы ғылымдары, өнер мен педагогика бағыттарында сапалы білім беретін ірі академиялық орталық ретінде танымал.
Меморандум аясында тараптар профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерді өзара алмасу, студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру, екіжақты ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және үйлестіру, сондай-ақ бірлескен конференциялар, семинарлар, дәрістер мен қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру бағыттарында тығыз ынтымақтастық орнатуға келісті. Сонымен қатар, университеттер ғылыми және оқу-әдістемелік материалдармен алмасуды жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сапар барысында екі университет өкілдері құрылымдық бөлімшелермен кездесіп, жаңа бірлескен жобалар мен болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жасалған келісім білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға және студенттердің халықаралық тәжірибесін кеңейтуге зор мүмкіндік беретініне сенімді.
