2025 жылғы 12–15 қараша аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында «Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» атты Халықаралық конгресс өтті. Ауқымды шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің С.Қаниев атындағы Ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Петр Михайлович Лапо қатысты.

Конгрестің басты мақсаты – Орталық Азия халықтарының ортақ рухани және мәдени мұрасын кеңінен талқылап, оның бүгінгі күн мен болашақ үшін маңызын айқындау. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзірбайжаннан келген діни қайраткерлер, ғалымдар, шығармашылық өкілдер, ғылыми-ағартушылық мекемелердің, сондай-ақ кітапханалар, музейлер мен мұрағаттардың мамандары қатысты.

Конгресс барысында пленарлық отырыстармен қатар Орталық Азияның материалдық мәдениеті мен рухани мұрасы, ислам құндылықтарын сақтау, ежелгі қолжазбалар мен сандық мұрағаттар, фильмдер мен мәдени құндылықтар, өңір суретшілерінің шығармашылығы, жастар және жасанды интеллект, әдеби ынтымақтастық, сондай-ақ жаңа медиа форматтары мен халықаралық серіктестік тақырыптарын қамтыған секциялар мен форумдар ұйымдастырылды.

Конгрестің маңызды оқиғаларының бірі – Ислам мәдениеті орталығындағы жаңа Құран залының ашылуы болды. Залда Мусхаф Ұсманның аса құнды қолжазбасы қойылған. Сонымен қатар шара барысында өнер майталмандарына «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығы табысталды.

«Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» халықаралық конгресі қорытынды декларация қабылдаумен аяқталды. Құжатта ортақ құндылықтарды сақтау және ағартушылық кеңістігін дамыту жолында бірлесіп әрекет ету қажеттігі атап өтілді.