Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ғылыми жобаларды нарыққа шығару және коммерциаландыру мәселелеріне арналған мазмұнды семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялық өнімге айналдырудағы нақты тәжірибелерді талдау, сондай-ақ Turatalk жобасының даму барысын ғылыми қауымға үлгі ретінде ұсыну.
Семинар барысында қатысушылар зерттеуден нарықтық өнімге дейінгі жолда кездесетін негізгі кедергілер мен жиі жіберілетін қателіктерді талқылады. Сонымен қатар қаржыландыру тетіктері, зияткерлік меншік құқығын рәсімдеу, жобаны басқару, маркетингтік стратегияларды әзірлеу сынды маңызды бағыттар қамтылды.
Шарада «Қазақстандағы тілдік технологиялар нарығының әлеуетін ашу: Turatalk және қазақ тілінің трендке айналуы» және «Ғылыми жобалар: электронды платформаларға мүмкіндік беру» атты өзекті баяндамалар ұсынылды.
Жоба жетекшісі Лира Ибраймова Turatalk платформасының қалыптасуы мен даму жолын жан-жақты таныстырып, ғылыми жобаларды іске асырудағы нақты тәжірибелерімен бөлісті. Ол аудиторияға нарыққа шығу стратегиялары мен өнімді коммерцияландырудың тиімді тәсілдері бойынша құнды инсайттар ұсынды.
Семинар нәтижесінде қатысушылар инновациялық өнімдерді дамытуға қатысты практикалық ұсыныстар алып, өз ғылыми бастамаларын жетілдіруге бағытталған жаңа идеяларға ие болды.
