2025 жылдың 27 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Сорбонна университеті мен Гарвард университетінің Жоғары білім беру мектебінің түлегі, білім беру саласының бас сарапшысы Марион Валентин студенттермен жүздесті.
АҚШ-тан арнайы шақырылған сарапшы Филология институтының «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығында білім алатын 4-курс студенттеріне дәріс оқып, Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі оқушыларға ағылшын тілін үйрету барысында әлеуметтік-эмоционалдық оқытуды енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Кездесудің басты мақсаты – болашақ ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби дамуына серпін беру, оқу үдерісіне әлеуметтік-эмоциялық оқыту жүйесін енгізу жөнінде нақты ақпарат ұсыну және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру болды.
Болашақта Гарвард университетінің Жоғары білім беру мектебі түлектері ұйымдастырған және Harvard Innovation Lab қолдауына ие Aul.Inspired әлеуметтік білім беру бастамасы өзара жобаларды дамытуға ниетті екенін білдірді. Команда әлеуметтік-эмоционалдық оқытуды (ӘЭО) тілдік білім беру үдерісіне енгізудің әсерін зерттеуге басымдық бере отырып, білім беру психологиясы, тілді меңгеру және аймақтық зерттеулер салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар, студенттерге арналған ӘЭО тренингтерін ұйымдастыру, оқытушылар мен болашақ мұғалімдерге тілдік педагогика бойынша шеберлік сабақтарын өткізу және шетел тілін меңгеру барысында білім алушылардың өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік-эмоционалдық оқытуды оқу бағдарламаларына енгізу мәселелерін талқылауға дайын.
Кездесу барысында Марион Валентин өз тәжірибесімен бөлісіп, студенттердің қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Бұл кездесу университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтіп, серіктестікті дамытуға тың мүмкіндіктер ашты.
