Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Заң және тәртіп» нарративасы аясында ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан» атты іс-шара өтті.

Шара Қаржылық мониторинг агенттігінің 2025 жылдың 12–27 қарашасы аралығында цифрлық қауіпсіздік бойынша бекіткен жоспарына сәйкес өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – университеттің қызметкерлері мен білім алушыларын цифрлық алаяқтықтан қорғанудың заманауи әдіс-тәсілдерімен таныстыру болды. Қатысушылар смартфондарды кибершабуылдардан қорғау жолдары, фишингтік сілтемелер мен зиянды қосымшаларды анықтау тәсілдері жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Сондай-ақ, Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары дипфейк технологияларының қатері туралы түсіндіріп, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты практикалық кеңестерімен бөлісті.

Шараның құрметті қонақтары ретінде Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, “Антикор волонтерс” жобасының жетекшісі, «Жетісу-2» Комьюнити орталығының директоры Кеңесов Әкежан Бақытұлы, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша Тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Мырзахан Жақсылық, және киберқауіпсіздікке байланысты қалалық жұмыс тобының мүшесі, «Әділет» жастар одағының құқық бөлімінің жетекшісі Айбек Берікболұлы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Аталған іс-шара университет ұжымының цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып, білім алушылардың заманауи цифрлық қатерлерді тану және олардан қорғану дағдыларын арттыруға мүмкіндік берді.