Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Акдениз университетінің Бейнелеу өнері факультеті, Тоқыма және сән дизайны кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Мариям Езиевамен кездесу өтті.

QyzPU тарапынан Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева, Ғылым департаменті директоры Нұрлан Байгараев және институт директорлары Гауһар Байташева, Гүлназ Салғараева қатысты.

Шара барысында QyzPU мен Akdeniz University арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға, студенттік және академиялық ұтқырлықты дамытуға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу бағыттарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тараптар екі университеттің жұмыс бағыты мен халықаралық тәжірибесі туралы ақпарат беріп, алдағы бірлескен бастамалардың негізгі бағыттарын айқындады. Кездесу аясында қонақтар университет музейіне экскурсия жасап, кампустың инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа ғылыми және академиялық бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендерін атап өтті.