Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының ұйымдастыруымен мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы академиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған «Мектеп + Университет = Білімдегі Бірлік» атты уоркшоп өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары арасында оқу-әдістемелік тәжірибе алмасу, білім сапасын арттыруға бағытталған инновациялық тәсілдерді талқылау, сондай-ақ кәсіби бағдарға бағытталған бірлескен жобаларды дамыту болды.
Уоркшопқа Алматы қаласының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми-әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Назима Жакыпова, Физика-техникалық зерттеу институтының мамандары, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, №165 мамандандырылған лицей, №16, №213, №109 жалпы білім беретін мектептері, «KEMEL» қалалық физика-математика мектебі, №24 лицей, Алматы облысы Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Еңбекшіқазақ ауданы №1 Рахат мектебі өкілдері, сондай-ақ QyzPU профессор-оқытушылар құрамы, студенттері, магистранттары және докторанттары қатысты.
Қатысушылар қазіргі білім беру жүйесінде тәжірибе алмасудың, серіктестіктің және мектеп пен университет арасындағы байланыс деңгейін арттырудың өзектілігін атап өтті. Талқылау барысында оқу сапасын жақсартуға, педагогтер қауымдастығы арасындағы кәсіби өзара әрекеттестік мәдениетін қалыптастыруға және білім беру саласында бірыңғай экожүйе құруға бағытталған жаңа ұсыныстар енгізілді.
Іс-шара нәтижесінде серіктестіктің заманауи форматтары айқындалып, білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін нақты қадамдар белгіленді. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-міндеті – «Сапалы білім» бағытының мазмұнымен үндес келеді және еліміздің білім саласындағы ынтымақтастық әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, мектептермен академиялық әріптестікті кеңейтуге ниетті.
