2025 жылғы 28 қарашада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология институты, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастыруымен белгілі түркітанушы филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының 95 жылдығына арналған «Әбжан Құрышжанұлы және ғылыми сабақтастық: рухани мұра жалғастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Шараның ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі:
«Профессор Әбжан Құрышжанұлы есімі – әлем түркітанушыларына белгілі. Университетімізде 2008 жылдан бастап, «Құрышжанұлы оқулары» атты жас ғалымдарға арналған конференция өткізіліп, конференция аясында «Түбі бір түркіміз» атты фестиваль ұйымдастырылып келеді. Бастамамызға қолдау білдірген Нийде Өмер Халисдемир унверситетіне, Самарқанд мемлекеттік университетіне, И. Арабаев университетіне, сондай-ақ конференция жұмысына қатысуға тілек білдірген барлық ғалымдарға зор ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Конференцияны Филология институтының директоры, профессор Сатбекова Айгүл Амантайқызы жүргізді. Шараға Қазақстан мен Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының мамандары қатысты. Атап айтқанда Түркиядан Гази университетінің профессоры Халил Тоқсан, Невшехир Хажы Бекташ Вели университетінің профессоры Ердоған Шешек, Қыршехир Ахи Эвран университетінің доценті Осман Қабадайы, сондай-ақ Қазақстаннан Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Салқынбай Анаркүл, QyzPU профессоры Ермекова Тыныштық, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Фазылжанова Анар қатысып, ғалымның тұлғалық қырларын, ғылыми мұрасын және түркологиядағы жаңалықтарын талқылады. Сондай-ақ, ғалымның қызы Құрышжан Әлия мен немересі Құрышжан Дана өз естеліктерін айтты.
Ғылыми жиын “Көкбөрі – менің ұраным” атты музыкалық-хореографиялық қойылыммен ашылды, бұл түркі жұртына рух беретін көрініс ретінде көрермендерге ұсынылды.
Конференция қорытындысы бойынша бірнеше маңызды шешім қабылданды. 2030 жылы профессор Әбжан Құрышжанұлының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция кең ауқымда өткізіледі. 2026 жылдан бастап жас ізденушілерге арналған “Құрышжанұлы оқулары” конференциясы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Ғалымның еңбектері кешенді зерттеліп, “Әбжантану” саласы қалыптастырылады. Сонымен қатар, “Қыпшақтану” саласы бойынша зерттеулер түркі халықтарының ғалымдарымен бірлесе жүргізіледі.
