«DARA ART» галереясында Кәсіптік білім кафедрасына ғылыми тағылымдама негізінде арнайы шақырылған Түркия Республикасы Ақдениз университеті Бейнелеу өнері факультетінің қауымдастырылған профессоры, PhD, танымал дизайнер Мариям Езиеваның «Шаңырақ» атты шығармашылық көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Көрменің басты мақсаты – қазақ халқының рухани және мәдени тұтастығының символы болып табылатын «шаңырақ» бейнесінің терең философиялық мәнін заманауи өнер тілі арқылы жеткізу.
Мариям Мұхтарқызы – Erasmus бағдарламасының координаторы, халықаралық сарапшы, Халықаралық сән дизайнерлері қауымдастығының мүшесі, халықаралық жоғары кутюр сыйлықтарының иегері, кәсіби дизайнер. Оның шығармашылық жұмыстары Германия, Нидерланды, Қазақстан, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерде жоғары бағаланып келеді.
Көрмеде автордың 20 жуық эскизі мен білім алушылармен бірлескен шеберлік сыныптары аясында жасалған киім кешендері ұсынылды. Әр туынды шаңырақты тек киіз үйдің элементі ретінде ғана емес, әлемнің моделі, отбасының ошағы және бірліктің символы ретінде бейнелейді. Шаңырақ аспанмен, жермен, табиғат элементтерімен (күн, жел, су) және адамның ішкі әлемімен (даналық, қуаныш, арман) байланысты философиялық тереңдікте көрсетілген.
Автордың белгілі жұмыстарынан – «Көшпенді Рухы», «Тәңірдің Тынысы», «Қасиетті Ағаштың Түп-тамыры», «Кемпірқосақ Көпірі» сияқты туындылардан шаңырақтың көне мағынасы мен нышаны заманауи көркем тілде көрінеді. Мариям Езиева көрермендер әр туындыны өзінше қабылдауы тиіс екенін атап өтті:
«Біреу тыныштықты, біреу қозғалысты, енді біреу жаңашылдықты сезуі мүмкін. Ең бастысы – өнер әркімге өз жауабын беруі тиіс. Мен үшін өнер – тек көркем бейне емес, сонымен бірге визуалды ойлау тәсілі», – деді ол.
Көрмеге келген қонақтар дизайнермен еркін форматта пікір алмасып, заманауи тәсілдер мен дизайнерлік тәжірибеге қатысты сұрақтар қойды.
