Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Кәсіптік білім кафедрасы мен Алматы қаласы білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесе ұйымдастырылған «Жасанды интеллектіні STEAM-білім беру жүйесіне интеграциялау» халықаралық ғылыми-әдістемелік семинары өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – педагогикалық тәжірибені жетілдіру, білім беру үрдісінде инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқушылар мен студенттердің, магистранттардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту.
Іс-шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері мен мектеп мұғалімдері қатысты. Спикерлер баяндамаларында STEM-парадигмасы (ғылым, технология, инженерия, өнер және математика) мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдері, білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістер мен инновациялық тәсілдер туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ақдениз университетінің қауымдастырылған профессоры Мариям Езиева «Жасанды интеллект STEAM құралы ретінде – киім дизайнындағы оқыту: қиындықтар мен перспективалар» тақырыбындағы баяндамасында STEAM тұжырымдамасын жасанды интеллектпен біріктіру – жаңа буын мамандарын даярлаудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Алматы қаласы білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Ардақ Смагулова ЖИ технологияларының дизайн саласына жедел енуі және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың қажеттілігін ерекше тоқталды.
Семинар педагогикалық инновациялар мен халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналып, қатысушыларға тәжірибе алмасу мен білім беру саласындағы жаңа үрдістерді талқылау мүмкіндігін берді.
