Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде психология ғылымының маңызын арттыруға, студенттердің тұлғалық дамуын қолдауға бағытталған дәстүрлі «Welcome to Psychology Week» – Психология апталығы ресми түрде ашылды.
Апталықтың негізгі мақсаты – жастар арасында психологиялық мәдениетті қалыптастыру, өзін-өзі тану дағдыларын дамыту және эмоциялық тұрақтылықты нығайту. Ашылу салтанаты әсерлі атмосферада өтіп, қонақтар мен студенттер түрлі интерактивті тапсырмалар мен тәжірибелік жаттығулар орындады. Іс-шара аясында арнайы құрылған психологиялық аймақтар жұмысын бастады. Әр алаң студенттердің танымдық белсенділігі мен тұлғалық ізденісін арттыруға бағытталды:
- SoulCanvas Space – арт-терапия элементтерін қолдана отырып, эмоциялармен жұмыс жасауға, ішкі ресурстарды ашуға мүмкіндік беретін шығармашылық кеңістік. Қатысушылар өз сезімдерін бейнелеу арқылы тұлғалық үйлесім табудың жаңа жолдарын меңгерді.
- Dream Map – студенттердің мақсаттары мен құндылықтарын айқындайтын мотивациялық «Армандар картасы». Бұл әдіс болашақ жоспарларды жүйелеуге және стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған тиімді құрал ретінде ұсынылды.
- MindMirror Cards – тұлғаралық қарым-қатынас мәдениетін және эмоциялық интеллектті дамытуға арналған проективті метафоралық карталар жиынтығы. Аймақ қатысушыларға өз мінез-құлық ерекшеліктерін талдауға, ішкі мотивтерін тануға мүмкіндік берді.
Апталықтың атмосферасын айрықша жандaндырған шығармашылық және мотивациялық аймақтар студенттердің белсенділігін арттыра түсті. «Ашық микрофонда» қатысушылар еркін ой бөлісіп, шабытты сөздерімен өзгелерге мотивация сыйлады. «Our Gratitude Tree» аймағында студенттер өз саусақ іздерін қалдырып, ортақ алғыс символын қалыптастырса, «Letter Chain» интерактивінде жылы лебіздер жолдап, позитивті эмоциялар мен өзара қолдау мәдениетін нығайтуға үлес қосты.
Психология апталығы – жастардың жан әлемін зерттеуге, өзін жаңа қырынан танып, ішкі әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін мазмұнды жоба. Іс-шара 4 желтоқсанға дейін жалғасады.
