Visiting Professors бағдарламасы аясында Сельджук университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Шагатай Бенхур Тарих кафедрасының студенттеріне «Ұлт-азаттық соғыстары кезеңіндегі орыс және түрік қарым-қатынасы» тақырыбында семинар-дәріс өткізді.

Дәріс барысында профессор ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі геосаяси үдерістерді, Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы қарсаңындағы халықаралық жағдайды және Осман империясының ыдырауынан кейінгі жаңа саяси жүйенің қалыптасу кезеңін жан-жақты талдады. Сонымен қатар, Түркия Республикасының құрылу барысындағы Ресей империясымен және Кеңес өкіметімен орнаған саяси-дипломатиялық байланыстарға ғылыми баға берілді.

Семинар аясында ұсынылған архивтік материалдар студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Тың деректер арқылы екі ел арасындағы тарихи ықпалдастықтың жаңа қырлары таныстырылды. Бұған қоса, профессор 1920-жылдары Мәскеу мен Бакуде өткен мұсылман халықтарының құрылтайлары туралы кең көлемді мәлімет беріп, олардың ұлт-азаттық қозғалыстардың дамуына қосқан үлесін талдады.

Дәріс барысында студенттер тақырып төңірегінде пікір алмасып, сұрақ-жауап форматында тарихи деректермен жұмыс істеу, оқиғаларды салыстырмалы талдау және сыни ойлау дағдыларын шыңдады.

Бұл тақырыптың тың мазмұны мен архивтік материалдарға негізделген талдаулар студенттерге ХХ ғасыр басындағы орыс-түрік дипломатиялық қарым-қатынастарын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Халықаралық деңгейдегі маманның дәрісі студенттерге тың тарихи ақпарат қана емес, жаңа көзқарас пен тәжірибе жинауға жол ашты. Семинар барысында ұсынылған деректер мен ғылыми тұжырымдар болашақ тарихшылардың кәсіби бағдарын айқындап, түркі әлемінің саяси және мәдени дамуын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.