Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Кәсіптік білім кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатында: ұлттық киім – сән мен салттың сабақтастығы» атты шығармашылық кеш және білім алушылардың сән дефилесі өтті.
Шараның басты мақсаты – дәстүрлі киімнің терең мәнін ашу, оны заманауи талаптарға сай жаңғырту арқылы ұлттық мұраны тұрақты дамудың бір бөлігіне айналдыру.
Кешті институт директоры Бахытжан Жолдыбайұлы Сапаров ашты. Іс-шараға Түркияның Сельчук университеті мен И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ғалымдары, отандық профессор-оқытушылар және білім алушылар қатысты. Шығармашылық кештің арнайы қонағы, профессор, доцент, танымал қырғыз халық суретшісі Шигаев Юристанбек Абдиевич «Қырғыз ұлттық киімдері – мәдени тұрақтылық факторы» тақырыбында баяндама жасап, екі елдің ұлттық киімдерінің ерекшелігі мен ұқсастықтарын атап өтті.
Кәсіптік білім кафедрасының қауымдастырылған профессорлары, өнертану кандидаттары Қырықбаева Сара Мұқашқызы мен Рахметова Нурзия Байтукешқызы табиғатты қорғау, ресурстарды үнемдеу, саналы тұтыну, жергілікті шеберлерді қолдау және мәдени мұраны ұлттық киім арқылы сақтау мәселелерін талқылады.
Кеш қонақтары «Салт пен сән симфониясы», «Ұлы Дала Өрнегі», «Шабыт», «EcoQurak», «Мұра Modern» топтамаларының сән көрсетілімін тамашалады. Іс-шара дәстүр мен жаңашылдық, өнер мен жауапкершілік, ұлттық болмыс пен ғаламдық құндылықтардың тоғысқан алаңы болды.
