Филология институты, қазақ әдебиеті кафедрасының 2-курс студенті Жайна Қабиболла магистр оқытушы Жансая Айдарқызының жетекшілігімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Тоғжан ізімен…» атты жоғары оқу орны студенттері арасындағы қалалық қыз сыны байқауында жүлделі 2-орынға ие болды.

Байқау Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, ақынның сырлы өлеңдерінен туындаған Тоғжан бейнесін көрсетуге арналған төрт кезеңнен тұрды.

Бірінші кезеңде қатысушылар оқу орындары мен қызығушылықтарын таныстырды. Екінші кезеңде өнер сайысынан тұрып, студенттер өз шығармашылық қабілеттерін көрсетті. 3-кезеңде «Бүгінгі күннің Тоғжаны…» атты киім үлгілері мен әшекей-бұйымдар таныстырылды. 4-кезеңде «Білгенге маржан…» атты сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды.

Тартысты сайыс барысында бойжеткендер ақыл мен сұлулық үйлесімін көрсете отырып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Жайна Қабиболла өз өнерімен көрермендердің және қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, байқаудың жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс студенттің шығармашылық әлеуетін көрсетуге және университетіміздің беделін арттыруға зор үлес қосты. Университет ұжымы Жайнаға оқу мен шығармашылықта табыстар тілейді!