2025 жылдың 4 желтоқсанында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Кәсіптік білім кафедрасы  ұйымдастыруымен халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, доцент, танымал қырғыз халық суретшісі Шигаев Юристанбек Абдиевичтің қатысуымен «Ұлы жазушыға 100 жыл: Айтматов әлемін қылқаламмен сөйлету» атты шығармашылық кездесу мен шеберлік сынып өтті.

Іс-шараның мақсаты – шығармалардағы көркем бейнелерді, философиялық ойларды және адам мен табиғат арасындағы байланысты бейнелеу өнері арқылы жаңа қырынан көрсету, қатысушыларды сурет өнерін қолдана отырып, Айтматов әлемін терең сезінуге жетелеу болды.

Профессор жазушының шығармашылығындағы гуманистік және мәдени құндылықтарды өнер тілімен түсіндіріп, қатысушыларға иллюстрация, композиция және көркемдік образ жасау заманауи тәсілдерін үйретті. Сонымен қатар әдебиет пен бейнелеу өнерін тоғыстыру арқылы жастарға ұлттық және әлемдік мәдениетті сезіндіру, Айтматов туындыларындағы рухани мұра мен адамгершілік құндылықтарды өнер арқылы насихаттау мәселелері талқыланды.

Шара барысында профессор-оқытушылар, магистранттар мен студенттер жазушы шығармаларындағы идеяларды терең түсініп, образдарды бейнелеу арқылы Айтматов әлеміне жаңа көзқарас қалыптастырды. Шеберлік сынып барысында қатысушылар шығармашылық диалог орнатып, жаңа техникаларды меңгеріп, креативті ойлау қабілетін дамытты. Суретші шара соңында Айтматов әлемінен шабыт алған «Қазақ қызының образын» этюдтық жеке авторлық шығармасын ұсынды. Кездесу соңында институт директоры Бахытжан Жолдыбайұлы мен кафедра көшбасшысы Сара Мұқашқызы қонақты құттықтап, алғысын білдірді.

«Ұлы жазушыға 100 жыл: Айтматов әлемін қылқаламмен сөйлету» атты шығармашылық кездесу мен шеберлік сынып өз мақсатына жетіп, қатысушылар арасында жоғары қызығушылық тудырды. Мереке мәдени-рухани байланыс орнатып, ұлы жазушы мұрасын шығармашылық тұрғыдан танып-білуге мүмкіндік берді. Айтматовтың адамгершілік құндылықтарға толы шығармалары жас өнерпаздарға жаңа шабыт беріп, ұлттық әдебиет пен қылқалам өнерінің тоғысқан тұсын айқындады.