Физика, математика және цифрлық технологиялар институты мен Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының бітіруші курс студенттері IT саласындағы жаңа мүмкіндіктерді кеңінен таныстыру мақсатында «IT-дегі шексіз потенциал: өз жобаңды іске қос!» атты мастер-класс ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің инновациялық ойлау қабілетін арттыру, ақпараттық технологиялар бағытындағы жаңа трендтермен таныстыру, стартап жасауға деген қызығушылығын ояту және кәсіби бағдар беру.
Мастер-класс бағдарламасы IT индустриясының қарқынды дамуына негізделген мазмұнды тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар жасанды интеллекттің қазіргі жағдайы мен болашақтағы мүмкіндіктері, халықаралық стартап платформалары, зертханалық-техникалық база әлеуеті, хакатондарда жинақталған тәжірибе, сондай-ақ IT мамандарына арналған кәсіби даму траекториялары туралы жан-жақты ақпарат алды.
Студенттерден құралған спикерлер тобы бейнематериалдар арқылы кейстерін көрсетті. Практикалық бөлімде ұйымдастырылған Workshop студенттердің шығармашылық ойлауын дамытып, командамен жұмыс істеу, идея генерациялау және жобалық тапсырмаларды орындау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар өз сауалдарын қойып, болашақ IT мамандары үшін маңызды кеңестер алды. Мастер-класс тыңдаушылардың жаңа жобалар бастауға деген ынтасын арттырып, кәсіби әлеуетін ашуға айтарлықтай серпін берді. Шара IT саласына қызығушылығы бар жастардың басын қосып, жаңа идеялардың дүниеге келуіне негіз болды.
