Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде №4 Студенттер үйіне 10 жыл толуына орай «Жылу мекені – 10 жыл» атты мерейтойлық кеш өтті. Бұл шара тек жатақхана тарихын ғана емес, сондай-ақ осы оқу орнында бірге білім алған, бірге армандаған және бір-біріне тірек болған студенттердің ортақ естелігін атап өтті.

2015 жылы «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған 450 орындық №4 Студенттер үйі осы уақытқа дейін 4000-нан астам студентке жайлы жағдай жасап, олар үшін шынайы жылу мен достық мекеніне айналды.

Мерекелік кеште студенттердің дайындаған би, ән, поэзия және көңілді сахналық қойылымдары ерекше әсер қалдырды. Жайдарманшылардың әзіл-сықаққа толы көріністері, шығармашылық номерлер және жылы тілектер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, Студенттер үйінің дамуына үлес қосқан, тәртіп пен мәдениетті нығайтуға атсалысқан белсенді студенттер мен қызметкерлер арнайы марапатталды.