Бүгін «Ғылыми нәтижелерді коммерциаландыру және білім беру стартаптарының маңызы: университет пен мектептің ынтымақтастығы» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шарада университет пен мектеп арасындағы ғылыми серіктестік, стартаптарды қолдау және тың идеяларды нақты жобаларға айналдыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференция бағдарламасы мазмұнды әрі әртүрлі болды: қатысушылар «Ақтұмар» мұражайы мен сурет галереясын аралап, мәдени тәжірибе алды, ал Филология институтының директоры, профессор Айгүл Амантайқызы Сатбекова университеттің ғылымы, білім саласындағы жетістіктер және DP23692214 «Turatalk: Қазақ тілін онлайн оқытуға арналған инновациялық платформа» ғылыми жобасының коммерциалануы туралы баяндама жасады.

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, профессор Сәуле Асанбаева «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» білім беру бағдарламасы және кафедраның ғылыми жетістіктері жөнінде ақпарат берді, ал LMS-Service платформаларын жасау бойынша меңгеруші Володина Светлана Викторовна Turatalk жобасын таныстырды.

Сонымен қатар, Әуезов ауданы №173 мектеп-лицейінің педагог шебері Ақмарал Шатемірқызы, Narxoz университетінің физика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Айсұлу Нұржанова және SDU университетінің қауымдастырылған профессоры, физика ғылымының кандидаты Райхан Абнасырова өз баяндамаларымен конференцияға ерекше мазмұн мен тереңдік қосты.

Конференция барысында концерттік қойылымдар да қойылды. Белгілі әнші Қанағат Жалғасбаеваның «Дедімай-ау» әні және Томирис би ансамблінің “Алмалы сай” мен «Кесте» билері қатысушыларды тамсандырды. 

Шара қатысушыларға университет пен мектеп арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетуге, ғылыми жетістіктерді коммерциализациялаудың тиімді жолдарын талқылауға және білім беру стартаптарының дамуына тың серпін беруге мүмкіндік жасады.