AP19679272 «Есту қабілеті зақымдалған балаларға инклюзивті білім беру үшін үйретуші мобильді қосымшалар әзірлеу» ғылыми жобасы аясында «Ерекше білімге – ерекше шешім» атты оқу құралы жарық көрді. Оқу құралы жобаның жетекшісі Гүлназ Салғараева, жобаның орындаушылары Айгүл Маханова және Фариза Лаханова авторлық бірлестігімен әзірленді.

Жаңа оқу құралында есту қабілеті зақымданған оқушыларға арналған мобильді қосымшаларды инклюзивті білім беру үдерісінде қолданудың ғылыми-әдістемелік негіздері, электронды контент әзірлеудің теориялық тұғырлары мен практикалық әдістері жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар педагогтер мен контент әзірлеушілерге арналған қолданбалы ұсыныстар, нақты тәжірибелік мысалдар және тиімді әдістемелік шешімдер ұсынылған.

Шараға Ахмет Ясауи университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Беркимбаев Камалбек Мейрбекович, Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Информатика кафедрасының профессоры Кенесбаев Серик Муктарович, физика, математика ғылымдарының кандидаты, доцент Тойкенов Гумырбек Чакаримович, сондай-ақ Физика кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Сандибаева Назира Абдыкадыровна қатысты.

Оқу құралы жалпы білім беретін мектептерде, арнайы білім беру мекемелерінде және инклюзивті сыныптарда жұмыс істейтін педагогтерге, сондай-ақ цифрлық білім беру контентін әзірлеушілерге әдістемелік қолдау ретінде ұсынылады.